Жеті атасын білген ер - Жеті жұрттың қамын жер



Ру тарихы | Есентемір руы | Кіші жүз

Қазақ халқының шығу тегі туа бітті аңыздан тұрады. Алғашқы аңыздың бірі Қазақ деген Ақ қаз деген сөзден шыққан десе, екінші бір аңыз:
Әуел басы «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» – аталған Еділ, Жайық, Ертіс, Сыр төрт өзеннің аралығында, сондықтан «Дешті Қыпшақ» аталған, онан соң «Отыз екі баулы Өзбек» аталған, Өзбек заманында отырықшы халық болған. Өзбектің үш баласы болған. Заманындағы бір ханға біреуі мың ділдә берген, біреуі жүз ділдә берген, біреуі қырық ділдә берген. Сол себепті «Мың, Жүз, Қырық» – атанған. Мыңнан өрбігендер отырықшы халық болған. Жүзден өрбігендер көшпелі халық болған. Сол жүздің ұрпағынан Қазақ шыққан. «Жүз» деген де аталарының аты болған. «Қазақ» деген де аталарының аты болған. «Алаш» деген де аталарының аты болған. Сонымен кейін «Алаш-Алаш болғанда, Алаша хан болған заманда руының атын «қазақ» қойып, ұранының атын «Алаш!» қойып, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз» деп үшке бөліп, «Үш жүз атанған».
Алаша хан әңгімесінде былай делінеді:
«Қырық сан Қырым, отыз сан Рұм, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай бүлгенде, Орманбек хан өлгенде» делінген бір заман болған екен. Сол заманалардың тұсында: Қандыгер, Құбан, Қотан, Қоғам, – дегендер болған екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген бір би болған екен. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен дейді. Осылардың заманында қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген хан сол уақыттарда Бұқарада тұрып, уақытында Бұқараны түгел билеп, осы күнгі бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен дейді. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала туып, сонан бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:
– Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді! – деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:
– Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңіздер! Өлсе, өлсін; өлмесе өз бетімен қаңғып күнін көрсін! – деп, жер аударыпты. – Зинақор қайтып бұл жұртты мына қатын мен баланы да көрмесін, сендер де көрмеңдер! – деп.
Сонда бұл бала Майқы биге ұшырап, Майқы би қасына өз баласы Үйсін батырды жүз жігітке қосып:
– Қаратаудан әрмен қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар болады. Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген бұлақтар болады. Сол жайларды барып, ірге теуіп, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! – деп, – Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар, – деп батасын беріп, қоя берген екен.
«Болар ұлан боғынан» – деп, бұлар бір-екі жылдың ішінде көзге түсіп, ауызға іліне бастады. Ұйқыны бұзып жылқа алды, күймені бұзып қыз алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай қайратты, батыр болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естиді. Қотан, Қоғам, Қондыгер, Құбан, Майқы билерге елші жібереді:
– Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?
– Баламды өзіме алып келіп берсін де, менен не қлағандарын алсын! – деп.
Сонан соң бұлар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жібереді:
– Сендер барып шақырып келіндер!, – деп.
Бұлар келген соң, бұларға еріп қайту былай тұрсын, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді. «Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын», көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа іс жоқ, Сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз? – деп .
Сонан соң хан қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды жүз жігітпен жібереді:
– Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер! – деп. Олар да қайта алмады.
– Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мында екен! – деп.
– Ішкені жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені қазы-қарта, жалы-жая, жылқының еті. Құдайдың құтты күні құшқаны – сұлу қыз-келіншек, деп бұлар да орнығып тұрып алды.
Бұл сөзге дәлел боларлық бір сөз – Бұхарай-Шәріптен кеше Мұса, Секербай заманында бір «Тентек ишан» деген ишан келіп, Бұхараға қайта барғанда, халық сұраған екен:
– Тақсыр не көрдіңіз? – деп.
Сонда Тентек ишан айтыпты:
– Сахараға бардым, мұнда көрмеген төрт нәрсе көрдім: бағылан семіз қозы, сары қазы, сапырулы қымыз, сәулетті қыз, – деген екен.
«Тоқсан ауыз сөздің түйіні бір» деп, сөздің мылжыңын қойып, тұрғысын айту керек. Бұлар енді: «Ел болмағымызды, жұрт болмағымызды жұрт көзіне түсерлік», – деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған: «Алаша хан», – деп ат қойды. «Әуелге келгенді – Ұлы жүз, оның басы – Үйсін: «Ұлы жүз: Үйсін» деп ат қойды. Ортаншы келгенді – Орта жүз, оның басы – Болат, Оған Ақжол, «Орта жүз: Ақжол», деп ат қойды. Соңғы келгенді – Кіші жүз, оның басы – Алшын: «Кіші жүз: Алшын» деп ат қойды.
«Жауға шапқанда «Алаш!» десіп шабайық!», – деп, «Алаш!» деп ұран шақырды.
Кеше: «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз: «Алаш!» болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік», – деп айтылған сөз сонан қалған.
Қазақтың тарихының түп-тамыры аңызында деген секілді, қазақтың қай руынның шежіресін алып қарасаңыз да осындай тұнған аңыздан тұрады.
Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасынан таратылатын Есентемір руының шығу тегі туралы әр түрлі аңыз әңгімелер айтылады.
Бір аңызда былай делініпті: Алшынның немерелері Әлімқожа мен Қыдырқожа Сыр бойынан көшкенде Байқожа көшпей қалып қойған. Кейін Байқожаның ауылын қалмақтар шауып, ол баласымен және әйелімен қалмақтың қолынан қаза табады. Кешікпей Байқожаның екі інісі Қалпақ пен Естай да өледі. Содан одан тек Темір деген бала қалады. Елтай немере інісі Темірді, Қалпақтың әйелі Күмісті, Естайдың әйелі Күймежанды ертіп Сыр бойына қарай жол тартады. Бірақ аяғы ауыр жеңгелері және кішкене інісі жол жүруге жарамаған соң оларды қайтып келіп алып кетем деп уәде беріп, Елтай әрі қарай жалғыз аттанады. Кейін үшеуін де Сыр бойына өзінің қасына алады. Сыр бойында Қаратаудың тасына қашалып жазылған мына өлең ескі кездегі әңгімені растай түседі: “Есентемір деген ел едік, Есебі жоқ көп едік...».
Тағы бір көне аңызда Темірді Кіші жүзге Ұлы жүзден немесе Орта жүзден әкеледі. Он екі ата байұлының атасы Қыдырқожа бай қоян жылы жұт болатынын болжап, байұлының бүкіл жылқысын Темірдің қарауына беріп, қыстан аман алып шық деп тапсырады. Жігіттің көркі жылқыда, – деп Ақтамберді жырау жырлағандай қазақ жылқыны өзінен бөліп қарамаған. Батырлар жырларындағы тұлпарлардың «астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап» адамша сөйлеп кететіні де қазақтың жылқы түлегін қалай қадірлегенін аңғартса керек.
Міне, мінсе құспен жарысқан пырағы, ішсе тіл үйірер сусыны, кисе денесін жылытар киімі, асыл мүкәмал мүлігі жылқысын бір тұяқ қалдырмай әлі сырын білмейтін Темір деген жігіттің алдына салып айдатып жіберген Қыдырқожа бабамыздың бұл ісін қалай түсінуге болады?! Бұл әрине адал көкірек қазақтың мәрттігі, адам баласына сенгіштігі, сонымен бірге адамды бір көргеннен танитын аңғарымпаз даналығы. Ал Темір бабамызға келсек – бойлы-сойлы, күш қайраты жойқын мүсінді жас жігіттің жылқышы болуы заңды құбылыс. Өйткені атам қазақ ең сүйікті түлігі жылқысын кім көрінгенге сеніп тапсырмаған. Жылқышыны бабаларымыз ел қорғаған батырмен пара-пар қойған. Олай дейтініміз жаугершілік заманда да, бейбіт кезеңде де жау да, ұры-қара да алдымен ел шетінде жусап жатқан жылқыға тиген. Осындай алмағайып кезде жылқышы қарулы әрі жүрек жұтқан батыр болмаса жылқыны аман сақтап қала алмайды ғой. Қазақта жылқы мінез деген жақсы ұғым бар, бұл дағы кезінде жылқышыларға арнап айтылса керек.
Бабамыз Темір Қыдырқожаның мыңғырған жылқысын қыстан аман алып шығамын деп мойнына алғанда бойындағы Алла берген қайраты мен қиындыққа қаймықпай қарсы тұрар мінезіне сенген шығар.
Сөйтіп, қоян жылғы қақаған қыста Қыдырқожа байдың бүкіл жылқысын алдына салып, Алласына сиынып Темір атамыз кете барған ғой. Ал Қыдырғожа бай да көктегі Алла мен жердегі бейтаныс жігітке сеніп қала барған.
Міне сонда Қамбар атаның түлігін иіре қайырып ер жүрек Темір бабамыз Теңіздің тамағына жетіп жылқыларын байырқатқан екен. Осы қыста Қыдырқожа байдың ауылы жұтқа ұшырап, қолындағы малдың бәрі қырылып, шылбырын ұстап қалса керек. Ол жаз ортасына дейін жылқышы жігіттен хабар-ошар болмаған соң, дүниеден баз кешіп бүк түсіп жатып қалыпты.
Бір күні сыртта жүрген қызы Күнсұлу:
– Көке алыстан қою шаң көрінді, жылқымыз болмаса игі , – деп дыбыстайды.
Қыдырқожа бабамыз қалбалақтап орнынан тұрып, шапанын иығына іліп сыртқа шыққанша жылқылар да жақындап қалған екен. Еңгезердей денесін тіп-тік ұстап, астындағы атын сипай қамшылап келе жатқан Темірді көргенде Қыдырғожа бай:
– Е, Темірім есен екен ғой! Есентемірім, Есентемірім мал-жаның аман келемісің, – деп айқайлап жіберіпті. Орайы келгенде айта кетейік, есен деген сөздің екінші мағынасы – мәңгілік деген ұғымды білдіреді.
Сол заманнан бері Темір, Есентемір атанып, он екі ата байұлының бір баласына айналды дейді шежіредегі аңыз. Аңыз өз алдына, ал Есентемір бабадан тараған әулет, соңыра Кіші жүздің іргелі руына айналды.
Есентемір бабамыздың бүкіл бір елдің жылқысын желге ықтырмай, ит-құсқа жем қылмай қыстан аман алып шығуы арқылы Қыдырқожа байдың он екі атаға тарайтын ұрпағын аман сақтап қалды. Бұл Тау көтерген Толағайдың, Ертөстіктің ерлігіне татитын ерлік. Аңыз бен тарихи шындықтың тоқайласатын, табысатын, Есентемір бабамыздың тарихи тұлғаға айналатын тұсы да осы. Олай болса Есентемір бабамыздың ұрпағына сіңірген еңбегі иісі қазаққа ортақ ерлік.