Жеті атасын білген ер - Жеті жұрттың қамын жер



Кіріспе

Қадірменді ағайын!


Ақпараттық технология қарыштап дамыған бүгінгі уақытта, өздеріңізбен ғаламтор арқылы тілдесіп, хат жазысып, пікір алмасқалы отырмыз. «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған» осынау мүмкіндікті пайдаланып, біз тегімізді, тарихымызды түгендеу мақсатында арнайы сайт ашуды жөн көрдік.
Жалпы, қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға үзбей айтылып, сақталып келе жатқан құндылықтарының бірі, әрбір жігіттің міндеті – өзінің жеті атасын білуі, білгенін одан әрі өрістетуі, былайша айтқанда, өз балаларын жақын туысқандарымен бірлікте және ынтымақта болуға тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген –жетесіз», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білген ер-жеті жұрттың қамын жер» деген сөздер ел ішінде бостан-босқа айтылмаса керек. Жеті ата - бұл өзін-өзі тану деген ұғым. Өйткені, әрбір адам бір отбасының мүшесі, ағайындары болса бір атаның балалары, одан әрі немерелестері бір бабадан тарап, жалғасып барып бір рудан тараған болып шығады. Ал, енді рулар бірігіп, бір ұлтты, қазақ халқын құрайды.
Міне, Егемендіктің арқасында ес жиып, алды-артымызға қарап, ата-бабамызды ауызға алып, олардың рухына Құран бағыштап, өткен-кеткенімізді түгендей бастаған бүгінгі заманда әр азамат өзінің өткеніне, тарихына үңіліп, «Мен кіммін? Тегім қайсы? Қай әулеттен тараймын?» деген сауалдарға жауап іздейді. Осы тұста тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының «тілегені алдынан іздемей-ақ табылсын» деген ниетпен біз осынау сайтты ашып отырмыз.
Алдарыңыздағы «Esentemir.org» сайтында сіздер Кіші жүздің, Есентемір руының ата тегі, тарихы, шежіресімен терең танысасыздар. Сайтқа біз келешек ұрпақтың бір керегіне жарасын деген ниетпен қазақ тарихына қатысты қолымызда бар деректердің бәрін салуға тырыстық. Бұдан былай да, әлемнің, еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген рулас ағайындар болса, сайттың одан әрі толығуына атсалысады деген ниеттеміз.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, Есентемір руына қатысты өздеріңізге мәлім тың деректер болса қосып немесе осы жазылған деректердің арасында қателіктер болса түзеп отырсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Аталмыш сайттан әр ағайын өзіне керек деген деректі табады деген сенімдеміз. Жақсы бастама жалғасын тапсын деп тілейік.


Ұйымдастыру алқасы